Амал - жылдың басы. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы. Бұл күні қыстан аман-есен шыққан жұрт бір-бірімен қуана қауышып, құшақтасып көрісіп, татулық-бірлікті жаңғырту мақсатында бас қосатын болған.
Атадан балаға жеткен әдемі, дәстүрлі Амал мерекесін маңғыстаулықтар ерекше күтеді. "Oil Services Company" ЖШС Амал мерекесін ұжыммен атап өтті. Таң атысымен жиналғандар бір-бірімен арқа-жарқа боп, құшақтасып, көрісіп, мерекенің салтына сай төс қағыстырды. Көпшілігі ұлттық нақыштағы әдемі киімдерін киіп, ерекше мерекенің сәнін кіргізді. Нәзік жандылар дастарханға нан мен ағарған қойып, тәттілерін ұсынды. Барлығы дастарханнан дәм татып, ел амандығы мен мығым бірлігін сұрап дұға-тілек айтып, ақ бата берілді.
"Oil Services Company" ЖШС басшылығы да Амал күнінде өз жұмысшыларын құттықтап, жылы тілектерін арнады. Жиналғандар арнайы жайылған дастарханнан дәм татып, ағарғаннан ауыз тиді.